
Жаңа Заңдар. Конституциялық cот 1 қаңтарда іске қосылды.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2022 жылғы маусымда өткен республикалық референдум қорытындысы бойынша бірқатар маңызды заңдарға қол қойды.
Яғни, конституциялық реформа аясында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде Конституциялық Сот жұмыс істейді.
Енді қазақстандықтар Конституциялық сотқа тікелей жүгініп, өзінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғай алады. Бұл ретте азаматтармен бірдей құқық Бас прокурорға және адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді. Бас прокурордың құқық қорғау функциясы күшейтілді. Бұған дейін бұл субъектілердің Конституциялық Кеңеске жүгінуге құқығы жоқ еді.
Сонымен бірге, Конституциялық Сотта өтініштерді қарау рәсімі жалпы соттардағы іс жүргізу тәртібінен түбегейлі ерекшеленеді.
Конституциялық Соттың өтініштерді қарау тәртібі бес кезеңнен тұрады. Біріншіден, Конституциялық Сот Аппаратының өтініштерді алдын ала қарауы ескерілген. Екіншіден, конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау жүргізіледі. Үшіншіден, Конституциялық Сот отырысында өтінішті қарау үшін материалдар дайындалады. Төртіншіден, өтінішті қарау бойынша отырыс өткізіледі. Ал соңғы кезеңде өтініш бойынша түпкілікті шешім қабылданады.
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы Заң күшіне енді
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Жеке тұлғаларды оңалту және олардың банкроттығы туралы» Заң күшіне енді.
Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдерінің үш түрі қолданылады: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі.
«Банкрот» деп жарияланған соң азаматтар:
- 5 жыл бойы қарыздар мен несиелер ала алмайды;
- банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдана алады.
Сондай-ақ банкроттықтан кейінгі 3 жылда банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделген.
Тасқала ауданы нотариусы Женисова А.Ж