
МҰРАГЕРЛІК ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Адам баласы дүниеге келгеннен кейін дүниеден кетуіде бар, яғни қайтыс болуы. Өмір жалған, өлімнің шындық екенін ешкімде жоққа шығара алмайды. Осы өмір сүрген уақытта адам өзінің тіршілігін жасап, жылжымайтын және жылжитын мүлік тағыда басқа өмірге қажетті игіліктерді иеленеді, табиғаттың заңына сәйкес адам үлкейеді, болмаса басқада себептермен өмірден озады.
Адам өмірден озғаннан кейін оның артында қалған зайыбы, жұбайы, ұрпақтары, туысқандары мұраны иеленгісі келеді, осы жағдайда жақын адамдардың арасында дау туындайды.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде" "мұра - әке-шешеден балаға қалған дүние мүлік, бұйым және тағы да басқа заттар десе, мұрагер - өзінен бұрынғы кісінің орнын басушы, артында қалған дүниесіне ие болушы, мирасқор, ал мұрагерлік - атадан қалған дүниеге ие болушылық, мирасқорлық" деп түсінік береді. Мұра, мұрагер деген ұғымдар қазіргі неке және отбасы заңында, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде кеңінен қолданылып, сол бұрынғы мәнін әлі күнге дейін жоймаған.
ҚР Азаматтық кодексінің /одан әрі АК/ 1038 бабында Мұрагерлік-қайтыс болған азамат /мұра қалдырушы/ мүлкінің басқа адамға /адамдарға/-мұрагерге /мұрагерлерге/ ауысуы деп түсінік береді.
Демек мұрагерлік - бұл қайтыс болған азаматтың (мұра қалдырушының) мүлкін басқа адамға (адамдарға) - мұрагерге (мұрагерлерге) беру, ол мұрагерлік өсиет бойынша және (немесе) заң бойынша жүзеге асырылады.
Өсиет бойынша және заң бойынша мұрагерлер мұраны ашу кезінде тірі болған, сондай-ақ мұра қалдырушының тірі кезінде ойластырылған және мұра ашылғаннан кейін тірі туылған азаматтар бола алады. Сондай-ақ заң талаптарына сәйкес қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа адамдарға әмбебап құқық мирасқорлығы талаптарымен, егер осы бөлімнің, ережелерінен өзгеше туындамаса, бірыңғай тұтас нәрсе ретінде және бір-ақ мезгілде ауысады.
Бірінші өсиет бойынша мұргерлікке тоқталайын.
АК-нің 1046 бабы бойынша азаматтың ол қайтыс болған жағдайда өзіне тиесілі мүлікке билік ету жөнінде өз ықтиярын білдіруі өсиет болып танылады.
Өсиетті оны жасаған кезде толық әрекет қабілеттігі бар азамат жасауы керек. Азаматтардың әрекет-қабілеттілігі дегеніміз, азаматтың өз әрекеттеріменазаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзі үшін азаматтық міндеттер жасап, оларды орындауға қабілеттілігі болып табылады. Азамат 18 жасқа толғаннан бастап толық әрекетке қабілетті болады. Өсиет қалдырудың тағы бір талабы өсиетті адамның өзі жасауы керек, өсиетті өкілі арқылы жасауға жол берілмейді. Яғни өсиетке өсиет қалдырушының өзі қолын қою керек.
Енді бұл жерде заңды сұрақ туындауы мүмкін, адамның көзі көрмеуі мүмкін, қолы жұмыс жасамауы мүмкін т.б., бұл жағдайда қалай болады деген.Егерде өсиет қалдырушы дене кемістіктеріне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиетке өзі қол қоя алмаса, оның өтініші бойынша оған нотариустың немесе өсиетті куәландырушы басқа адамның қатысуымен өсиет қалдырушының өсиетке өзі қол қоя алмауының себебін көрсете отырып, басқа азаматтың қол қоюы мүмкін.
Өсиет бойынша мұрагерлік нотариатта куәландырылған өсиет, нотариатты куәландырылғандарға теңестірілген өсиет болып бөлінеді.
Біздің қоғамда адамдардың көпшілігі өсиет қалдыра бермейді, сондықтан мүлдем өсиет қалдырылмаса немесе мүліктің өсиет етілмей қалған бөлігі болуы мүмкін, аталған жағдайда мұрагерлік заң бойынша бөлінеді.
Біріншіден, заң бойынша мұрагерлік құқығын мұра қалдырушының балалары, соның ішінде ол қайтыс болғаннан кейін тірі туылғандар, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы мен ата-аналары тең үлестерде алады.
Егер бірінші кезектегі мұрагерлер болмаса заң бойынша мұрагер болу құқығы екінші кезекте мұра қалдырушының бір әке, бір шешеден туған және әкесі немесе шешесі бөлек аға-інілері мен апа-қарындастары /сіңлілері/, сондай-ақ оның әкесі жағынан да анасы жағынан да атасы мен әжесі тең үлес алады.
Егер бірінші және екінші кезектегі мұрагерлер болмаса заң бойынша мұрагер болу құқығын үшінші кезекте мұра қалдырушының әкесімен бірге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады.
Егер бірінші екінші және үшінші кезектегі мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагерлік құқығы мұра қалдырушының алдыңғы кезектердегі мұрагерлеріне жатпайтын, үшінші, төртінші және бесінші туыстық дәрежесіндегі туыстар алады.
Туыстық дәрежесі туыстарды бір-бірінен сатылап алшақталатын туу санымен айқындалады. Мұра қалдырушының өзінің дүниеге келуі бұл қатарға жатпайды.
Төртінші кезектегі мұрагерлер ретінде үшінші туыстық дәрежесіндегі туыстар-мұра қалдырушының арғы аталары мен әжелері;
Бесінші кезектегі мұрагерлер ретінде төртінші туыстық дәрежесіндегі туыстар мұра қалдырушының туған немере іні-қарындастарының, жиендерінің балалары /шөбере іні-қарындастары, жиеншарлары/және оның аталары мен әжелерінің туған аға-інілері мен апа-қарындастары /сіңлілері/;
Алтыншы кезектегі мұрагерлер ретінде бесінші туыстық дәрежесіндегі туыстар-мұра қалдырушының шөбере іні-қарындастарының, жиеншарларының балалары, оның немере аға-інілері мен апа-қарындастарының /сіңлілерінің/ балалары және оның екі атадан қосылатын аталары мен әжелерінің балалары шақырылады.
Егер алдыңғы кезектердегі мұрагерлер болмаса, заң бойынша жетінші кезектегі мұрагерлер ретінде мұра қалдырушымен кемінде он жыл бір отбасында тұрған мұра қалдырушының өгей әкесіне не өгей шешесіне еріп келген аға-інілері мен апа-қарындастары /сіңлілері/, өгей ұлдары, өгей қыздары, өгей әкесі және өгей шешесі шақырылады.
Өмір болған соң мұраға қалдырушының лайықсыз мұрагерлеріде болуы мүмкін, ондай жағдай анықталмай мұрадан лайықсыз мұрагерлер шететіледі. Қандай жағдайларда болуы мүмкін екені АК-нің 1045 бабында көрініс тапқан.
1.Мұра қалдырушыны немесе мүмкiн болатын мұрагерлердiң бiреуiн қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ. Бұған өсиет қалдырушы оның өмiрiне қастандық жасалғаннан кейiн өздерiне қатысты өсиет қалдырған адамдар кiрмейдi.
2. Мұра қалдырушының соңғы еркiн жүзеге асыруға қасақана кедергi жасаған және сол арқылы олардың өздерiн немесе оларға жақын адамдарды мұрагерлiкке шақыруға не мұраның оларға тиесiлi үлесiн көбейтуге ықпал жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ.
3.Балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылған және мұра ашылған кезде бұл құқықтарын қалпына келтiрмеген ата-аналардың балаларынан қалған мұраны, сондай-ақ мұра қалдырушыны күту жөнiнде өздерiне заң күшiмен жүктелген мiндеттердi орындаудан жалтарған ата-аналардың (асырап алушылардың) және кәмелетке толған (асырап алынған) балалардың заң бойынша мұраны алуға құқығы жоқ.
4. Лайықсыз мұрагерлердi мұрагерлiктен шеттетуге негiз болатын мән-жайларды сот белгiлейдi.
5. Осы баптың ережелерi өсиет қалдырудан бас тартуға да қолданылады (осы Кодекстiң 1057-бабы).
6. Осы баптың ережелерi барлық мұрагерлерге, соның iшiнде мiндеттi үлеске құқығы бар мұрагерлерге де қолданылады.
Ал мұра қашан ашылды деп есептеледі, Азаматтық кодексінің 1042-бабына сәйкес мұра қалдырушының қайтыс болған күні, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі күшіне енген күн не сот шешімінде қайтыс болған деп белгіленген күн мұраның ашылу уақыты болып танылады.
"Заң бойынша мұрагерлер ҚР Азаматтық кодексінің 1061-1064-баптарында көзделген кезек тәртібімен мұрагерлікке шақырылады. Олар алдымен адамның қайтыс болғаны жөнінде жергілікті АХАЖ бөлімінен адамның өлгені туралы куәлік алуы керек. Сол уақыттан бастап мұрагерлер алты ай мерзім ішінде мұра қалдырушының соңғы тұрған тұрғылықты жеріндегі жергілікті нотариуске жүгініп, мұралық іс ашу үшін тиісті құжаттарды табыстауы тиіс, ал нотариуспен мұра алу құқығы туралы куәлік беріледі.
Сонымен қатар, мұраға ие болу туралы куәлік берілгендігі үшін заң бойынша белгілі-бір мөлшерде баж салығы төленеді. Баж салығының мөлшері мұралық мүліктің тұратын бағасына байланысты есептеледі. Бұл салықтан мына мұралық мүліктер босатылады: жеке қауіпсіздендіру шарты бойынша қауіпсіздендіру сомасы, кредиттік ұйымдардағы ақшалар жинағы, мемлекеттік займ облигациялары, авторлық ақы сомалары.
Кей жағдайларда мұрагерлер мұрадан бастартып жатады, бірақ мұрадан тек алтай ішінде ғана бастартуға құқығы бар, "Мұрадан бас тарту мұрагердің мұраның ашылған жері бойынша нотариуске арыз берумен жасалады. Бұл жерде айта кететін жайт мұрадан бас тарту кейіннен күшін жоюға немесе қайтарып алуға болмайды:
Егер мұрагер оған (алты айға) берілген мерзім аяқталғаннан кейін, сондай-ақ мұраны нақты қабылдаған кезде мұрадан бас тарту құқығынан айырылады. Мұрадан бас тарту мерзімінің басталуы мұрагер өзінің мұрагерлікке шақыруы туралы білген немесе білуі керек болған сәтте анықталады. Мұрадан бас тарту мерзімін сот дәлелді себептер болған жағдайда ұзарта алады, бірақ тек 2 айдан аспайтын мерзімге.
Тағы бір тоқталып өтетін жәйт, мұраның құрамына кіретін немесе кірмейтін мүліктер, яғни мұраның обьектілері болады.
Жалпы мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесілі мүлік, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен міндеттері кіреді.
Мұра қалдырушының жеке басына тығыз байланысты мына құқықтар мен міндеттер:
— егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгіленбесе, заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдарға мүше болу құқығы;
— өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу құқығы;
— алименттік міндеттемелерден туындайтын құқықтар мен міндеттер;
— зейнетақы төлеу, жәрдемақы және еңбек пен әлеуметтік қамсыздандыру туралы заң актілерінің негізінде басқа да төлемдер төлеу құқығы;
— мүліктік құқықтармен байланысы жоқ жеке мүліктік емес құқықтар мұраның құрамына кірмейді.
Мұра қалдырушыға тиесілі болған жеке мүліктік емес құқықтар мен басқа да материалдық емес игіліктерді мұрагерлердің жүзеге асыруы және қорғауы мүмкін.
Ата-бабамыз көзі тірісінде балаларына енші бөліп, салт-дәстүр бойынша мұрагерлікті реттеп отырса, қазір атадан балаға қалатын мирас Азаматтық кодекстің баптары бойынша рәсімделеді.
Еншіге ие болу мақсатында бауыр-туыс арасында соттасуға дейін барып жататын жағдайлар да көптеп кездесіп жүр. Мұндайды болдырмас үшін мұрагерлік туралы құқықтық сауатыңыз болғаны абзал.
Әрине мұрагерлік туралы заңнаманы бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес, себебі мұрагерлік тақырыбы бұл үлкен, ауқымды тақырып, солай бола тұрсада азаматтарға мұрагерлік туралы маңызды деген таруаларына тоқталып, қысқаша болсада түсіндіруге тырыстым.
«Атадан балаға мал мұра болмайды, атаның балаға қалдырар өшпес мұрасы тәлім-тәрбие», сондықтан ат төбеліндейғана халқымыз ынтымақта болсын.
Жаңақала ауданының нотариусы: Г.С.Еслямгалиева