
«АТҚАРУШЫЛЫҚ ЖАЗБА ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ»
Заманына қарай еліміз дамып өзгерген сайын заңдарға да жаңа ұғымдар және нормалар енгізіліп, өзгеріліп отырады, себебі заманның ағымына қарай қоғамда дамуы керек, алғашқы бастама Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің 2015 жылғы 20 мамырдағы «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Бес институционалдық реформасын 172 іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам — Ұлт жоспары» атты мақаласында алға қойған міндеттерінің бірі — жеңілдетілген іс жүргізу мен татуластыру рәсімдерін, оның ішінде нотариустың атқарушылық жазба институтын енгізуді кеңінен қолдануы көрсетілді, одан әрі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап «Нотариат туралы» 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына 2000 жылы жоғалған нотариаттық іс-әрекетті атқарушылық жазбаларды жасауды Қазақстандық нотариустарға қайтаруды көздейтін өзгерістер қолданысқа енгізілді,алайда осы өзгерістерге халқымыз ілесе алмай, түсінбей жатады, сондықтанаталған заң нормасын түсіндіру қажет деп ойлаймын.
Жалпы атқарушылық жазба туралы мәлімет Нотариат туралы Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шілдедегі заңының 92-1, 92-2,92-3,92-4,92-5,92-6,92-7,92-8 баптарында қамтылған.
Сондықтан осы баптарға сүйене отырып, оқырмандарға қарапайым тілмен атқарушылық жазба туралы қысқаша мағлұмат бермекпін.
Атқарушылық жазба даусыз сипаттағы талаптардың тез және тиімді шешілуін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құқықтық құралдардың бірі болып табылады.
Борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе өзге де жылжымалы мүлікті талап ету үшін нотариус тиісті белгі қойылатын, берешекті белгілейтін төлнұсқа құжат көрсетілген кезде бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы электрондық түрде атқарушылық жазба жасайды.
Атқарушылық жазба негізінде мынадай даусыз талаптар бойынша берешекті өндіріп алу жүргізіледі:
-
нотариатта куәландырылған мәмілеге негізделген міндеттемені орындау туралы, оның ішінде осы Заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда нотариус сотқа дейін реттеу тәртібімен куәландырған дауды реттеу туралы келісімдерді орындау туралы;
-
орындау мерзімі басталған және міндеттеменің орындалмауын борышкер мойындаған, оның ішінде дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен өндіріп алушыға жіберілген наразылыққа жауапта мойындаған, жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемені орындау туралы;
-
нотариус жасаған, төлем жасалмауына, акцептінің болмауына және акцепт күнінің белгіленбеуіне вексель наразылығына негізделген міндеттемені орындау туралы;
-
лизинг шартына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лизинг нысанасын талап ету туралы;
-
ломбард кепіл беруші-борышкерге қойған, кредитті қайтару мерзімі өткен соң кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану туралы;
-
"Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 42-1-бабы 2-тармағының 6-1), 9), 10), 12) және 12-1) тармақшаларында айқындалған төлемдерден жалтаратын пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың, орынтұрақ орындарының, қоймалардың меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы;
-
төлеу мерзімі басталған, жария шарттар негізінде нақты тұтынылған көрсетілетін қызметтер (электрмен, газбен, жылумен, сумен жабдықтау және басқалары) үшін, сондай-ақ өзге де шарттар негізінде белгіленген тарифтерге сәйкес көрсетілетін қызметтер үшін берешекті өндіріп алу туралы;
-
жалдау төлемдерін жалдау шартында белгіленген мерзімдерде төленбеуіне байланысты өндіріп алу туралы;
-
қызметкерге есептелген, бірақ төленбеген жалақыны және өзге де төлемдерді өндіріп алу туралы, оның ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы аударымдарын өндіріп алу туралы;
-
партисипативтік рәсім тәртібімен жасалған, дауларды реттеу туралы келісімдерді орындау туралы.
Егер тұрақсыздық айыбы (өсімпұл), пайыздар тиесілі болса оларды өндіріп алу, банк заемдарын қоспағанда, борышкер орындалмаған міндеттемені жазбаша мойындаған кезде атқарушылық жазба негізінде жүргізіледі.
Атқарушылық жазбаны жасау, егер шартта тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды), пайыздарды өндіріп алудың өзге тетігі көзделмесе, борышкер орындалмаған міндеттемедегі кінәсін мойындаған кезде, орындалмаған міндеттемедегі кінәсін мойындау фактісіннотариус растаған кезде жүзеге асырылады.
Атқарушылық жазба даусыз талаптар бойынша деген, яғни даусыз деген сөз бірнеше рет қайталанады, себебі атқарушылық жазбаның басты шарттары, ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екенін растауы міндетті және егер талап қою (арыз) құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан аспайтын уақыт өтсе, жасалады.
Демек атқарушылық жазба даусыз талаптар бойынша шығарылады. Сонымен қатар, қарыз туындаған күннен бастап үш жылдан аспауы керек.
Сөзбе-сөз түсіндірген кезде «даусыздық» тек борышкердің борышпен келісетіні туралы пікірімен, хатымен ғана расталуға тиіс.
Бұл жалақы, сондай-ақ нотариалды куәландырылған шарттар, лизинг шарттары және т. б. бойынша берешек болуы мүмкін.
Сонымен қатар, нотариустар борышкермен бұрын жазылған қолхатына сәйкес немесе кепіл затын өндіріп алу кезінде қарызын мойындаған жағдайларды қарастырады.
Атқарушылық жазбаның тағы бір шарты-бұл "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 42-1-бабы 2-тармағының 6-1), 9), 10), 12) және 12-1) тармақшаларында айқындалған төлемдерден жалтаратын пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың, орынтұрақ орындарының, қоймалардың меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы және төлеу мерзімі басталған, жария шарттар негізінде нақты тұтынылған көрсетілетін қызметтер (электрмен, газбен, жылумен, сумен жабдықтау және басқалары) үшін, сондай-ақ өзге де шарттар негізінде белгіленген тарифтерге сәйкес көрсетілетін қызметтер үшін берешекті өндіріп алу туралы мәселе бойынша атқарушылық жазба борышкердің (жеке тұлғаның) тіркелген жері не тұрғылықты жері бойынша не жылжымайтын мүлкінің орналасқан жері бойынша, егер заңды тұлға борышкер болып табылса, онда оның тіркелген жері не оның тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жері бойынша не жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша жасалады.
Нотариустың атқарушылық жазбасын алған жағдайда не істеу керек?
Атқарушылық жазба жасалғаннан кейін нотариус келесі жұмыс күнінен кешіктірмей оның көшірмесін борышкерге жібереді. Сонымен бірге, борышкердің заң бойынша нотариусқа қарсылық немесе керісінше келісім жіберу үшін атқарушылық жазбаның көшірмесін алған күннен бастап 10 жұмыс күннің ішінде жолдауы қажет. Егер Сіз атқарушы жазбамен келіспесеңіз, қарсылық жазып, оны нотариусқа жіберуіңіз керек.
Қарсылықтың мәтінінде мәлімделген талаппен келіспеу себептері көрсетілуге тиіс.
Өкінішке орай атқарушылық жазбаның көшірмесін алған борышкерлер он күннің ішінде өздерінің қарсылықтарын нотариусқа жолдамайды немесе мерзімін өткізіп жолдайды.
Егер мұндай қарсылық нотариусқа келіп түспесе, онда 11-ші жұмыс күні ол атқарушылық жазбаны мәжбүрлеп орындату үшін сот орындаушысына жібереді. Себебі нотариус борышкерден қарсылық болмаған соң, оны келісім ретінде түсінеді.
Борышкер келіспеген жағдайда нотариус жазбаша қарсылықты алған күннен бастап үш жұмыс күннен кешіктірмей атқарушылық жазбаның немесе тиісті қаулының күшін жою туралы қаулы шығарады.
Атқарушылық жазбаның күші жойылған жағдайда нотариустың іс-әрекеті даулануға жатпайды. Бұл жағдайда атқарушылық жазбаның немесе тиісті қаулының күшін жою туралы қаулының көшірмесі олар шығарылғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей өндіріп алушы мен борышкерге тапсырылуға немесе жіберілуге тиіс.
Атқарушылық жазба даусыз сипаттағы талаптардың тез және тиімді шешілуін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құқықтық құралдардың бірі болып табылады, сондықтан әрбір жеке немесе заңды тұлға болсын атқарушылық жазбаға қатысты өзінің құқықтары мен міндеттерін білгендері жөн.
Еслямгалиева Г.С.
БҚО Жаңақала ауданының нотариусы