
Нотариат қызметінің маңыздылығы
Нотариат туралы заңда берілген түсінікке сәйкес,Қазақстан Республикасындағы нотариат – бұл нотариаттық iс-әрекеттер жасау арқылы жеке, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететін білікті заң көмегін көрсету жөніндегі құқықтық институт.Нотариат даусыз құқықтар мен фактілерді куәландыру, құжаттарды, олардан алынған көшірмелерді куәландыру, құжаттарға атқарушылық күш беру және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқығы мен заңдық мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында басқа да нотариаттық әрекеттер жасау жүктелген органдар жүйесі. Нотариат жүйесіне тек қана мемлекеттік нотариалдық конторалар мен жекеше нотариустар ғана емес, сонымен қатар нотариаттық әрекеттер жасау өкілеттілігі бар атқару билік органдарының лауазымды тұлғалары кіреді. Қазақстан Республикасының консулдық ұйымдарының лауазымды тұлғалары басқа мемлекеттердің аумағында нотариаттық әрекеттер жасай алады.Жекелеген нотариаттық әрекеттер жасау құқығы дәрігерлік бөлімнің бас дәрігері мен оның орынбасарына, аурухананың кезекші дәрігеріне, сонымен қатар қарттар мен мүгедектер үйінің директорлары мен бас дәрігерлеріне, әскери бөлімдердің, мекемелері мен әскери-оқу орындарының командирлеріне де берілген. Егер тұрғылықты жерде нотариус болмаса, онда нотариаттық әрекетті атқару билік органдарының лауазымды тұлғалары жасай алады. Өзінің сипаты мен атқаратын функциясына байланысты нотариат мемелекеттік басқару органдарының қатарына жатады.Жекеше және мемлекеттiк нотариустардың нотариаттық қызметтi жүзеге асырған кездегi құқықтары мен мiндеттері тең болады. Олар ресiмдеген құжаттардың бiрдей заңдық күшi болады.Нотариаттық қызметкәсіпкерлік қызмет болып табылмайды.
Енді азаматтық қарым-қатынаста нотариус қызметінің маңыздылығына тоқталайық.
Нотариат пен сот азаматтық қарым-қатынастағы заңдылықты алдын ала және істен кейін бақылаудың бірыңғай қызметін жүзеге асырады. Бірақ азаматтық іс жүргізуде құқық туралы дауды қарайтын соттан айырмашылығы нотариат азаматтық құқықтарды заң жолымен бекітуге және олардың болашақта бұзылу мүмкіндігін алдын алуға бағытталған қызметтерді орындайды. Нотариат куәландырған шарт-мүдделі жақтың өз құқығын дәлелдеуін жеңілдетеді, өйткені шарттың нотариус ресми түрде белгілеп берген мазмұны, мәмілеге қатысушылардың қойған қолдарын ақиқаттылығы, мәміле жасаған жері (орны), уақыты, өзге де жағдайлар нақты және бұлтартқысыз түпқұжат болып табылады.
Нотариат қандай қызметтер көрсететіне қысқаша тоқталып өтер болсақ, Нотариат қызметі-мәмілелерді куәландыру; өсиеттерді, мұрагерлік туралы куәлік, құжаттар көшірмесін және олардан алынған үзінділердің дұрыстығы; азаматтың тірі екендігін куәландыру; құжаттардың түсіру уақытын куәландыру; атқарушылық жазбалар жасау, нотариаттық қызметтер бойынша кеңестер беру .т.б. Еңбастысы нотариус мөрді соғып, қолын қоюшығана емес, сол соққан мөрге және қойған қолы үшін жауапты тұлға, себебі кез-келген азаматтардың арасында туындайтын құқықтық қатынастың болғанын растаған мезгілде нотариус азаматтық құқықты жақсы білетін жоғары білікті заңгер болуы қажет.Өкінішке орай тұрғындарымыздың арасында жылжымайтын мүлік (басқа да мүліктерді) сатып алғанда, сатқанда, ақшамызды үнемдейміз деп Нотариат қызметіне жүгінбей ауызша келісім жасау немесе қол хат жаздырумен шектеліп соңы сотқа жүгініп, үлкен дау туындап, аяғында екі жақын адамдар бір-бірін көрместей болып араларындағы сыйластықтың тоқтап жатқанына куә болып жүрміз, сондай-ақ әр отбасында жастары келген ата аналарымыз, қарияларымыз бар, адам өмірлік емес, өмірге келу және жасы жеткен соң өмірден өтуі заңдылық. Солай бола тұрсада қазақ халқының түсінігіне орай тірісінде өсиет жазбайды, балалары ата-анасының көңіліне келеді деп өсиет жазу туралы мәселе көтеруге қысылады, ата-аналары қайтыс болған соң балаларының арасында ата-анасынан қалған дүниеге байланысты дау туындап, өзара бөлісе алмай, соңында туғандардың арасында араздық туындап жатады. Тұрғындардың тағыда ат-үсті қарайтын мәселе бұл мұрагерлік, көптеген тұрғындар жақындары қайтыс болғаннан кейін алты айдың ішінде мұрагерлік куәлігін алу үшін өтінішпен Нотариусқа келмей заңда көзделген мерзімдерін өткізіп алады, соңы амалсыз сотқа өткізген мерзімін қалпына келтіру үшін жүгінуге тура келеді.
Айта берсек Нотариат қызметінің маңыздылығы халық үшін зор, сондықтан әр қашанда әрекетімізді заңдастыра білген, ол үшін Нотариат қызметіне жүгінген дұрыс, себебі Нотариат қызметіне жүгіну бұл сенің әрекетіңнің заңдылығының кепілі болып табылады.
Г.С.Еслямгалиева
Жаңақала ауданының нотариусы